QAZANBAS MEDIA
USD498.2 ₸EUR542.7 ₸RUB6.31 ₸
← Басты бет
БІЛІМ

РЕСМИ — Астанада педагогикалық білім беруді дамытудың ұлттық моделі таныстырылды

Астанада білім беру қызметкерлерінің жыл сайынғы тамыз конференциясы аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен «Болашақтың педагогикалық білімі: ұлттық модельді дамыту және енгізу» секциясы өтті. Іс-шара педагогикалық білім беруді дамытудың негізгі бағыттарын және педагогтерді даярлау мен олардың кәсіби қалыптасуын.

Астанада білім беру қызметкерлерінің жыл сайынғы тамыз конференциясы аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен «Болашақтың педагогикалық білімі: ұлттық модельді дамыту және енгізу» секциясы өтті. Іс-шара педагогикалық білім беруді дамытудың негізгі бағыттарын және педагогтерді даярлау мен олардың кәсіби қалыптасуының бірыңғай ұлттық моделін қалыптастыру мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналды.

Республикалық тамыз конференциясы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп, «Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналды.

Талқылауға Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, жоғары білім беру саласындағы сарапшылар, Назарбаев Университетінің, Болат Өтемұратов қорының, Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері, Erasmus+ сарапшылық қоғамдастығының мүшелері, аккредиттеу агенттіктері мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

«Бүгінде біз үшін педагогтерді даярлаудағы фрагментарлық тәсілден олардың кәсіби қалыптасуының тұтас жүйесіне көшу маңызды. Болашақ мұғалім жай ғана диплом алып қоймай, мамандықты саналы түрде таңдаудан және сапалы даярлықтан бастап, мектепке сәтті бейімделу, тәлімгерлік және одан әрі кәсіби даму кезеңдеріне дейінгі жүйелі жолдан өтуі тиіс. Сондықтан жаңа модель университет пен мектеп арасындағы тығыз әріптестікке және нәтиже үшін ортақ жауапкершілікке негізделеді», – деп атап өтті Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.

Секцияның негізгі мәселесі педагогті даярлау, оның кәсіби қызметке кіруі және одан әрі дамуы үшін заманауи экожүйені қалыптастыруға бағытталған Педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасы болды. Тұжырымдаманың негізгі тәсілдерін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры Бану Нарбекова таныстырды.

Ұсынылып отырған модельдің негізінде мұғалімді даярлаудың дәстүрлі тәсілінен педагогтің бірыңғай кәсіби өмірлік цикліне көшу жатыр. Ол болашақ педагогтерді кәсіби бағдарлау мен іріктеуді, жоғары оқу орнында білім алуды, мектеп ортасына ерте бейімделуді, мектептегі кәсіби қызметке кіруді, тәлімгерлікті және маманның үздіксіз кәсіби дамуын қамтиды. Бұл кәсіби жолдың әртүрлі кезеңдері арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етіп, педагогке қойылатын талаптарды оның бүкіл мансабы бойында өзара үйлестіруге мүмкіндік береді.

2029 жылға қарай Тұжырымдама аясында «Университет 5.0» моделіне көшу бойынша негізгі бағдарлар айқындалды. Модельдің басты міндеті – ынталы әрі құзыретті педагог сапалы даярлықтан өтіп, мамандыққа кірігу кезеңінде қолдау алып, үздіксіз кәсіби даму мүмкіндіктеріне ие болатын тұтас жүйе қалыптастыру. Педагогикалық жоғары оқу орнының рөлін кеңейту көзделеді. Яғни ол тек білім беру процесін ұйымдастырып қана қоймай, болашақ мұғалімнің кәсіби қалыптасуын жүйелі түрде сүйемелдеп, оның одан әрі кәсіби даму нәтижелерін бағалауы тиіс.

Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі – педагогикалық білім берудің практикаға бағдарлануын күшейту. Бұл ретте мектеп педагогикалық практиканы өтейтін орын ретінде ғана емес, болашақ маманды даярлауда педагогикалық жоғары оқу орнының толыққанды серіктесі ретінде қарастырылады. Ұсынылып отырған шешімдердің қатарында серіктестік және клиникалық мектептерді дамыту, студенттерді кәсіби ортаға ертерек бейімдеу және мектеп тәлімгерлерін даярлау жүйесін қалыптастыру бар.

Instagram-да көру →